Бұл мақалада қазіргі заманғы әлеуметтік-мәдени трансформациялар жағдайында ұрпақтар арасындағы отбасылық құндылықтарды беру мәселесі қарастырылады. Жаһандану және қоғамның қарқынды өзгеруі құндылықтардың трансляциясына әсер ететін факторларды тереңірек зерттеуді талап етеді. Зерттеудің мақсаты – балалардың отбасылық құндылықтарды интериоризациялау процесінде маңызды рөл атқаратын психологиялық механизмдерді, атап айтқанда байланыс (қатынас), идентификация (теңдестіру) және импринтингті анықтау және талдау.
Мақалада отбасының баланың құндылық бағдарларын қалыптастырудағы және мәдени сабақтастықты сақтаудағы негізгі рөлі ерекше атап өтіледі. Зерттеу нәтижелері құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа беруде аталған механизмдердің маңыздылығын дәлелдейді және орта буынды – дәстүрлі құндылықтарды қазіргі жағдайға бейімдеуші негізгі делдал ретінде сипаттайды. Сондай-ақ, ұрпақтар арасындағы эмоционалды байланыстың бала санасында құндылықтарды орнықтырудағы шешуші фактор екендігі көрсетіледі.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы – құндылықтарды беру процесіндегі психологиялық механизмдерді жүйелеп, цифрлық орта мен мультикультурализм жағдайында бұл бағыттағы болашақ лонгитюдтік және пәнаралық зерттеулерге жол ашуы. Ал алынған нәтижелердің практикалық маңызы – отбасындағы тәрбиелік ықпалды күшейтуге, ұрпақаралық байланысты нығайтуға және отбасылық қатынастарды үйлестіруге бағытталған тиімді бағдарламаларды әзірлеуге мүмкіндік беруінде. Бұл зерттеу психологтар, педагогтер мен әлеуметтік қызметкерлер үшін маңызды практикалық құрал бола алады.

