Мақалада шиеленістерді шешуді нысанаға қатынасты трансформациялау жолымен жүзеге асыру ерекшелігі қарастырылады. Тұлғааралық қақтығыстардағы шиеленістерді шешудің заманауи психологиялық стратегиялары зерттелді. Өзара қарым-қатынас үрдісінде орын алған келеңсіздікке өзіндік қатынасты өзгертудің психологиялық тактикалары құрастырылды. Осы мақсатта, өзара қақтығыстар психологиялық қатынас теориясы аясында қарастырылды. Адамдар арасындағы алауыздықты тұсаулау үшін, оның себептерін анықтау факторы ұсынылды: өзара түсінісу, тіл табысу, бір-бірін қабылдау, құрметтеу, бағалау, құнды сабақ ретінде қарау тәжірибесі. Субъективті факторларды талдау – себеп-салдарлық байланыстарды орнатуға ықпал етеді. Бұл – қақтығыс түйінін тарқату және оны реттеу сынды психологиялық тетіктерді саралауға жол ашады.
Шиеленістерді жағдайға қатынасты өзгерту арқылы шешу, орын алған жайтқа адамдардың кеңінен қарауын қажет етеді. Бұл – жеке жауапкершілік пен жоғары саналылықты басшылыққа алатын күрделі үрдіс. Мұндай қатынас тұлғааралық қақтығыстармен қатар, әлеуметтік топтар арасындағы шиеленістерді де шешуге көмектеседі. Әлеуметтік ортаның табыстылығы ұжымның ауызбірлігіне байланысты. Ал, ынтымақтастықтың құлдырауы нәтижеліліктің төмендеуіне әкеп соғатыны анық. Сондықтан, зерттеу барысында келеңсіздікті игілікке ауыстыру (трансформациялау) және оң қатынас орнықтыруға ұмтылудың практикалық тәсілі ретінде «түсіну – қабылдау – мойындау – ынтымақтасу» төрттік алгоритмі қолданылды. Шиеленістерді осылайша қақтығыс түйінін тарқату арқылы шешу өзара қарым-қатынас үрдісінің сапалық жаңғыруына әкеледі.
Түпкі мақсаты ұлт сапасын арттыруға бағытталған, әлеуметтік-мәдени сипаттағы осы психологиялық зерттеудің стратегиялық әлеуеті зор. Өйткені, тең мүмкіндік пен ортақ қолжетімдік қағидасына негізделе құрылған зерттеу болжамы, түрлі топтар мен адамдар арасындағы рухани-танымдық даму алшақтықтарын барынша азайтуды көздейді. Тәжірибеде стандартталған кейстерді талдау мысалында жүргізілген психологиялық зерттеу нәтижелері, заманауи трансформациялық стратегиялар әзірлеуге негіз болады.