Аңдатпа
Ұсынылған мақаланың өзектілігі мектеп жасына дейінгі дислалиясы бар балалармен жеке логопедиялық жұмыстарда интерактивті ойындарды қолдану мәселелерін терең зерттеумен негізделеді. Интерактивті ойындар инновациялық технологиялардың бір бөлігі ретінде күн сайын өзектілігі артып, кеңінен қолданыс табуда. Сондықтан, арнайы педагогика және психология мамандары бұл ойын түрін қолдану тиімділігін жан-жақты реттеп, олардың түрлі нұсқаларын ұсынуда. Дислалиясы бар балалармен жеке түзету жұмысында интерактивті ойындарды қолдану тиімді және нәтижелі әдістердің бірі болып табылады. Оның бірінші себебі – балалардың сензитивті кезеңі бойынша ойын жасына сай келуінде. Аталған мәселе бойынша жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижесінде интерактивті ойындарды қолдану балалардың дыбыс айту бұзылыстарын түзету кезінде балалардың қызығушылығын арттырады және нәтижелердің тиімділігін күшейтеді деген қорытынды жасалды. Алайда, аталған нәтижелердің болуы үшін интерактивті ойындарды қолданудың педагогикалық шарттарын жан-жақты зерттеу қажеттілігі айқындалған.