Мақала қазіргі уақытта жаһандық деңгейде басты бағыт алып отырған цифрландыру мәселесіне арналған, өйткені бүгінгі таңдағы тез өзгермелі кезеңдегі технология саласындағы үдетпелі және қарқынды өзгеріске толы жылдармен емес, айлармен есепке алуға болады. Бүгінгі таңда республикамызда білім беруді цифрландырудың басты мақсаты-бұл цифрлық технологияларды қолдану негізінде біртұтас біліми ақпараттық орта құру арқылы -білім алушылардың білім сапасын арттыру, цифрлық құзыреттілігін қалыптастыру. Осыған орай, еліміздің қазіргі білім жүйесін әлемдік білім кеңістігіне кең ауқыммен еніп, үйлесімді кірігуге бағытталған серпінді дамушы жүйе ретінде қарастыруға болады. Бұл өз кезегінде, үнемі қарқынды дамытып отырған АКТ дидактикалық мүмкіндіктерін меңгеруге және бастауыш сыныптан бастап баланың дамушы ақпараттық ортаға үйлесімді енуіне ықпал ететін оқыту технологиясының мазмұндық құрылымына өзгерістер енгізумен және оқу-тәрбие үдерісінің педагогикалық теориясы мен практикасындағы маңызды өзгерістермен қатар жүруде.
Оқушылар мен мұғалімдердің жұмыстарын бақылау, зерттеу және алынған сауалнама жауаптары күнделікті практикада цифрлық білім беру ресурстарын ұтымды қолдану оқыту үдерісінің тиімділігін, нәтижелілігін, және өнімділігін арттыруға көмектесетіндігін дәлелдеуде. Сонымен қатар, цифрлық технологиялар қарым-қатынасты жақсартуға, білім алушылар мен мұғалімдердің оқуға, жетістікке жетуге деген жауапкершілігін арттыра түсетіндігін көрсетуде.
Авторлар алғашқы компьютерлік технологияның бастауыш сынып әдістемесіне енген ақпараттандыру кезеңінен бастап бүгінгі цифрландыру кезеңіне өту барысына талдау жасай отырып, тиімді, тиімсіз жақтарын ашуға, бастауыш сынып мұғалімдерінің ақпараттық біліми ортада білім мазмұнын жоспарлау дайындығын анықтауға тырысқан. Зерттеу тақырыбына қатысты отандық, шетелдік ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына аналитикалық талдау негізінде өзіндік көзқарасын берумен қатар, бүгінгі күні бастауыш мектептің ақпараттандырудан цифрландыруға өтуіне әсер етіп отырған объективті және субъективті факторлар ашылған.