Мақалада жоғары оқу орны студенттерінің кәсіби өзін-өзі тануына бірегейліктің ықпалы эмпирикалық және теориялық тұрғыда зерттеледі. Зерттеудің мақсаты – тұлғаның кәсіби өзін-өзі тануы құрылымындағы бірегейліктің рөлін және оның мотивациялық-белсенділік, құндылық-мағыналық көрсеткіштермен байланысын анықтау. Зерттеуге Астана қаласындағы ЖОО-да білім алатын 1–2 курс студенттері, барлығы (n=90) қатысты. Іріктеу мақсатты түрде жүргізілді. Зерттелуші студенттердің жыныстық құрамы: 52 қыз, 38 ұл.
Зерттеу әдістері ретінде А.В. Лазукин (Н.Ф. Калин бейімдеген) «Тұлғаның өзін-өзі белсендіруін диагностикалау» әдістемесі және Д.А. Леонтьев бейімдеген «Мағыналы өмірлік бағдарлар» тесті қолданылды. Деректерді өңдеуде Манн–Уитни U-критерийі пайдаланылды.
Нәтижелер 2 курс студенттерінің «Өмірдегі мақсаттар» (U=742, p=0,021), «Мен – бақылау локусы» (U=768, p=0,034) және жалпы мағыналылық көрсеткіштері бойынша (U=715, p=0,018) статистикалық мәнді айырмашылықтарға ие екенін көрсетті. Бұл олардың кәсіби болашаққа бағытталуы мен субъективті бақылау деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді. Алынған нәтижелер кәсіби бірегейліктің тұлғаның кәсіби өзіндік санасының, мотивациясының және өмірлік мағына құрылымының қалыптасуындағы маңызды психологиялық фактор екенін айқындайды

