Бұл мақалада инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беруді қажет ететін (ЕБҚ) балаларға көрсетілетін психологиялық қолдаудың мазмұны, маңызы және практикалық жүзеге асырылу жолдары қарастырылады. Қазіргі білім беру жүйесінде ЕБҚ балалардың танымдық, эмоционалдық және әлеуметтік даму ерекшеліктерін ескере отырып, психологиялық қолдауды кәсіби деңгейде ұйымдастыру – басты қажеттіліктердің бірі болып отыр.
Зерттеу барысында жалпы білім беретін мектептерде психологиялық қызметтің жағдайы, мамандардың кәсіби дайындығы, ата-аналармен өзара іс-әрекет деңгейі және ЕБҚ балалардың жеке дамуындағы қиындықтар жан-жақты талданды. Сауалнама, бақылау және сұхбат әдістері арқылы алынған мәліметтер мектептегі психологиялық қолдаудың жеткіліксіздігін және жүйелі жұмыстың болмауын көрсетті. Көп жағдайда психологиялық қызмет тек диагностикамен шектеліп, түзету, кеңес беру, сүйемелдеу және даму мониторингі сынды маңызды бағыттар ескерілмейді. Бұл жағдай ЕБҚ балалардың әлеуметтенуіне, оқу мотивациясына және өзін-өзі бағалауына теріс әсер етуі мүмкін.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, психологиялық қолдау қызметін жетілдіру үшін келесі аспектілерге назар аудару қажет: мектеп психологтарының инклюзивті білім беруге бейімделген біліктілігін арттыру, ата-аналармен тиімді байланыс орнату, әр оқушының жеке психологиялық даму картасын жүргізу және мектепішілік қолдау жүйесін жүйелеу. Сондай-ақ, мемлекеттік деңгейде психологиялық қызметтің нормативтік және әдістемелік базасын жаңғырту өзекті мәселе болып табылады.
Мақалада осы саладағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарына нақты ғылыми-тәжірибелік ұсыныстар берілген. Ұсынылған тәсілдер мен модельдер инклюзивті білім беру сапасын арттыруға, ЕБҚ балалардың толыққанды дамуына және мектеп қауымдастығының үйлесімділігіне септігін тигізеді

