Ауылдық жерлерде тұратын әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі – әлеуметтік жұмыс пен психология саласындағы аса өзекті, бірақ жеткіліксіз зерттелген тақырыптардың бірі. Бұл мақала ауылдық жерлерде тұратын әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың психологиялық салдарын зерттеуге арналған. Ауылдық ортаның ерекшеліктері зорлық-зомбылық құрбандарының психологиялық жағдайына және кәсіби көмекке қолжетімділігіне елеулі әсер ететіні атап өтіледі.
Теориялық бөлімде негізгі ұғымдарға анықтама беріліп, зорлық-зомбылық түрлері мен әлеуметтік-психологиялық көмектің мазмұны талданады. Зерттеу мәселесіне қатысты ғылыми әдебиеттерді талдау арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әйел психикасына негізгі әсерлері – психологиялық жарақат, депрессия, үрей, өзін-өзі төмен бағалау, үйренген шарасыздық синдромы – анықталып, визуалды түрде сызба ретінде ұсынылды. Сонымен қатар, ауылдық ортаның әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жиілеуіне әсер ететін факторлары сипатталды.
Эмпирикалық зерттеу ретінде Жамбыл облысы Қордай ауданындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының қызметкерлері арасында сауалнама жүргізілді. Оның мақсаты – әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бағыттары мен проблемаларын анықтау болды. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге бастан кешкен зорлық-зомбылықтың негізгі психологиялық салдарын анықтау мақсатында PCL сауалнамасы ұсынылды.

