Бүгінгі таңда психологиялық қауіпсіздік пен салауатты ортаны қамтамасыз ету мәселесі авторларға оны психологиялық-педагогикалық бағыттағы болашақ мамандарды даярлау барысында волонтерлік қызмет аспектісінде зерттеуге мүмкіндік берді.
Мақалада волонтерлік қызметтің психологиялық аспектілері: жеке қажетіліктері мен түрткілері, қызығушылықтары мен мотивациясы жоғары оқу орнында оқу кезінде педагог-психологтың тұлғалық сапалары дамуының маңызды факторы ретінде көрсетілген. Зерттеу әдістемесі қауіпсіз және денсаулықты сақтайтын ортаны қамтамасыз ету тұрғысынан еріктілер тәжірибесінің әлеуетін зерттеуді қамтиды. Жұмыста Ясауи атындағы ХҚТУ, М. Әуезов атындағы ОҚМУ және Орта Азиялық Инновациялық университетінің психологиялық-педагогикалық бағытта білім алып жатқан студенттері арасында жүргізілген эмпирикалық зерттеу деректері келтірілген.
Авторлар зерттеу барысында алған нәтижелерге сүйене отырып білімдік ортаның денсаулықты сақтайтын кеңістігін қамтамасыз ету мақсатында студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған «Волонтерлік қызмет қауіпсіз және салауатты ортаны қамтамасыз ету құралы ретінде» атты элективті курс бағдарламасын әзірледі.
Зерттелетін бағыт тұрғысынан волонтерлік жұмыстың табыстылығы аймақтық ерекшеліктер мен сұраныстарды ескеруді; білімдік ортаның психологиялық қауіпсіздігін диагностикалау бойынша студенттердің дағдыларын тәжірибеде пысықтауды; білім беру мекемелерінде қауіпсіздікті, қолайлы денсаулық сақтау ортасын қамтамасыз ету тұрғысынан волонтерлік көмекті іске асыру бойынша ғылыми сүйемелдеуді талап етеді.
Жүргізілген жұмыстың нәтижелері мен жасалған тұжырымдар психологиялық-педагогикалық бағыттағы болашақ мамандарды даярлау процесінде жоғары және орта кәсіптік оқу орындарының практикалық қызметінде пайдалануы мүмкін.
Мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және Жоғарғы білім министрлігі қаржыландыратын AP19679648 «Жаңа Қазақстан жастарын салауатты өмір салтына бейімдейтін қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз етуге волонтерлік іс-әрекетті ұйымдастыру» атты ғылыми жобасы шеңберінде қаржыландырылады.
