Ұсынылған мақалада инклюзивті білім беру үрдісінің психологиялық аспектілері қарастырылды. Ерекше білім беру қажеттігі бар (ЕББҚ) балалардың ортаға жеңіл бейімделіп, табысты оқулары үшін, жеке жұмыс және дифференциалды білім беру әдістері педагогикалық нәтижелер бергенімен, олардың әсері әлсіз және тұрақты еместігі нақты тәжірибеден алынған кейстер арқылы талданды. Осы әдістердің әсерлілігін арттыру және тұрақтандыру мақсатында психологиялық қатынас теориясын қолдану қажеттілігі туындады. Ол үшін ЕББҚ оқушы жетістігін психологиялық қатынас теориясы аясында қамтамасыз ету туралы болжам жасалып, маңызы негізделді.
Өзінің құндылығын сезінуден бастау алатын оң өзіндік баға ЕББҚ оқушының мектептегі оқуының табыстылығын арттырып қана қоймай, оның өмірлік жетістігінің кепілі болып табылатын дербестік дәрежесінің де қалыптасуын қамтамасыз етеді. Түпкі нәтижесі ЕББҚ білім алушының өзіндік болмысын барынша жарқыратып ашуға бағдарланған психологиялық қатынас теориясы ұзақ мерзімге арналған стратегиялық бағдар болып табылады.
Қазіргідей кванттық секірістер кезеңінде А.Эйнштейн негізін қалаған салыстырмалылық теориясының (СТ) кеңістік-уақыттық континуумының өзектілігі аса жоғары. Әсіресе оның маңызы инклюзивті білім беру үрдісінде еселеп артады. Мақалада бұған дейін зерттелген жағдайлар негізінде, ЕББҚ баланың танымы мен мінез-құлығы арасындағы өзара байланысты орнықты ету үшін, психологиялық қатынас теориясын қолдану әдістемесі ұсынылды. Білім беру ұйымының оқу-тәрбие кеңістігінің негізіне психологиялық қатынас теориясының мақсатты түрде қалануының нәтижесінде, ЕББҚ оқушының өзіндік ерекшеліктері аясында сенімі бекіп, болмыспен арақатынасының жақсаруы артады. Мұндағы негізгі тәсіл – «Зейінді бағыттау» бола отырып, ол 4 аймақты қамтиды: қалыптасқан ахуал – ЕББҚ оқушы жағдайы; оған кеңістік, яғни орта мен уақыттың әсері; жағдайға ЕББҚ баланың өзінің қатынасы, сондай-ақ ахуалды кәсіби-мамандандырылған талдау дәрежесі.
Зерттеу жұмыстары Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің (Қ.А. Ясауи ат. ХҚТУ), Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің (Батыс Қазақстан ИТУ), ғалымдарымен және практиктермен (мектеп мұғалімі) бірлесе отырып, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде (М.Х. Дулати ат. ТарӨУ) жүргізілді.