Бастауыш сынып оқушыларының интеллектуалдық қабілеттерін дамыту тақырыбы әрқашан да өзекті екені белгілі, сол себепті де қазіргі заманауи білім беруде баланың ақыл-ойын дамытып, танымдық дағдыларын қалыптастыруға ықпал ететін тиімді оқу тәжірибесін мұқият зерделеу талап етіледі.
Бұл мақалада бастауыш сынып оқушыларының ақыл-ой интеллектісін дамытуға байланысты ғылыми еңбектерге талдау жасалып, когнитивтік құрылымды түсінуде көмектесетін педагогикалық-психологиялық диагностиканың нәтижелері көрсетілді. Диагностика жасау үшін 6 жастан 9 жасқа дейінгі балаларды тексеруге арналған Равеннің үш серия мен 12 матрицадан тұратын интеллектуалды тесті және Э.Ф.Замбициавичененің 7-9 жастағы балалардың ақыл-ойының даму деңгейін анықтау әдістері (М.В. Назын-оол бейімдеген) қолданылды. Тесттің негізгі міндеті – тексерілетін тұлғаның шамамен ақыл-ой интеллектісінің даму деңгейін анықтау.
Қолданылған тестің сенімділігі мен ішкі сәйкестігін тексеру үшін дисперсия, стандарт ауытқу әдістері қолданылып, талдау нәтижелері көрсетілді. Талдау нәтижелері бастауыш мектеп оқушыларының ақыл-ой интеллектісінің дамуын зерттеуге байланысты бірқатар қиындықтардың бар екенін көрсетті.
Оқытудағы дәстүрлі әдістерді қолдануда бастауыш сынып оқушыларының когнитивті дамуының бірегей ерекшеліктерін ескере бермейтіндігі тест нәтижелері арқылы дәлелденіп отыр, яғни диагностика нәтижелері арқылы оқушылардың ақыл-ой интеллектісін дамытудың тиімді әдістерін әзірлеу үшін үздіксіз зерттеулер қажет екендігіне көз жеткізіліп отыр.
Сондай-ақ мақалада осы міндеттерді шешудің бір жолы ретінде оқушылардың ақыл-ойын нейродидактикалық тәсілдер арқылы дамыту идеясы ұсынылды. Нейродидактикалық тәсілдер, нейрожаттығулар арқылы бастауыш сынып оқушыларының толық интеллектуалдық әлеуетін ашуға мүмкіндік беріледі деп ойлаймыз.