Берілген мақалада заманауи психологиялық білімдер қолданыла отырып, жасы ұлғайған кісілердің денсаулығын жақсартуды зерттеу тәжірибелері сипатталды. М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің аға буын өкілдері – «күміс университет» тыңдаушылары үшін ұйымдастырылған біліктілікті арттыру курстары аясында жүргізілген зерттеу материалдары ұсынылды. Трансперсоналды психология, нейропсихология және экзистенциалды психологияның соңғы жаңалықтарына бағдарлана отырып, сауығуға негізделген оқыту курсы ТарӨУ Педагогика және әлеуметтік ғылымдар факультетінде әзірленді.
Зерттеудің алғашқы кезеңінде сыналушылар практикалық психологияның заманауи-инновациялық технологияларымен таныса отырып, рефлексия әдісін белсенді қолдану арқылы, ішкі әлеміне үңілу, тән құбылыстарын сезіну, жүрек үніне құлақ асу, жан қалауларын ажырату сынды құзыреттіліктерге дағдыландырылды. Келесі кезеңде «Психология: денсаулық құпиясы, сұлулық сыры» білім беру бағдарламасын игеру негізінде, шектеуші пайымдар мен стереотиптерді трансформациялауға бағдарланған психологиялық стратегиялар арқылы, сыналушыларды жан қасаңдығынан арылтып, психиканың икемділігін қалыптастыру жұмыстары мақсатты түрде жүргізілді. Бұл кезеңде жүйелі түрде аффирмация, медитация, нейрографика, ребефинг сынды психотехникалар қолданылды. Курс тыңдаушыларының денсаулығын жақсартудың міндетті алғышарты болып табылатын психологиялық сауықтыру шаралары ниет тазалығы концепциясына негізделді. Зерттеу барысында алынған нәтижелерді тұрақтандыру үшін, сыналушылардан психологиялық жаттығуларды үздіксіз орындау талап етілді және денсаулық жағдайларына байланысты жауапкершілік жүктелді.
Тұлға құрылымы туралы білімдерді меңгеру және тұтастық концепциясын түсіну нәтижесінде, тыңдаушылардың ой-саналарының өзіндіктаным арқылы кеңейіп, ізгі мұраттарымен және өзіндік болмыстарымен шынайы қауышуларына ықпал етті. Бұл, өз кезегінде, сыналушылардың денсаулықтарының жақсарып, сауығу үрдісінің жүре бастағанын көрсетті. Зерттеудің қорытынды кезеңінде бақылау әдісімен қатар, сауалнама, шкалалау тәсілдері қолданылды. Экспериментаторлар үшін 80 сағаттық курс аясында жүргізіліп, 2 аптаға созылған зерттеудің соңы болғанымен, сыналушылар – «күміс университет» тыңдаушылары үшін, нәтижеге бағдарланған тынымсыз жұмыстың бастамасы ғана екені сөзсіз.