Мақалада инклюзивті білім беруді мектепте ұйымдастыру және мектеп мұғалімінің психологиялық даярлық мәселесі қарастырылады. Автор ғылыми әдебиеттер талдауына сүйене отырып, инклюзивті білім беруді ұйымдастырудың әдіснамалық амалдары ретінде мәдени -тарихи және гуманистік тұғырларды анықтаған. Зерттеуде инклюзивті білім беру заманауи білім берудің жаңадан дамып келе жаткан бағдары ретінде қарастырылып, оның жалпы сипаты, ерекшеліктері ашылған.
Автор аталмыш мәселені зерттеген ғалымдардың көзқарастарын алға тарта отырып, инклюзия тек ерекше қажеттілігі бар балаларға ғана емес, сонымен бірге дені сау балалар үшін де адамгершілікті дамытатын, тиімді білім беру жүйесі болып табылатын және олардың әр бірінің даралығын сыйлау, қабылдау негізінде толерантты, адамгершілігі мол, қол ұшын созуға дайын болу сияқты қасиеттері бар тұлға қалыптасатынына басты назар аударады.
Мақалада инклюзивті білім беру процесін ұйымдастырудың негізгі қағидалары анықталып, олардың мәні ашылады. Сонымен қатар, инклюзивті білім беру процесін ұйымдастырудың жолдары көрсетіледі.
Ізденуші мәселе аясында жүргізген эмпирикалық зерттеу нәтижелерімен таныстырып, инклюзивті білім беруді мектепте ұйымдастыру бойынша жылдам шешімді талап ететін жағдайларға баса назар аударады.