Бұл мақалада кәсіби бағыттылықтың студенттердің мотивациялық аймағының құрылымына әсері қарастырылды. Мақаланың кіріспе бөлімінде мәселенің теориялық және тәжірибелік аспектілердегі маңызы мен әр түрлі бағыттағы мамандықта оқитын студенттерінің оқу-кәсіби мотивациясының құрылымын ашудың қажеттілігі, студенттердің кәсіби-оқу мотивациясының қалыптасуы процесінің ерекшеліктерін зерттеудің өзектілігі талданады.
Зерттеу мақсаты ретінде әр түрлі мамандықта оқитын студенттерінің кәсіби мотивациялық аймағының құрылымын, кәсіби бағыттылықтың студенттердің мотивациялық аймағының құрылымына әсері анықталды.
Мотивациялық өріс психикалық құбылыс ретінде іс-әрекет пен қарым-қатынастың тууына негіз болады. Бұл құбылысты өлшеу үшін көрсеткіш ретінде мотив қолданылды. Көрсеткіштер зерттеліп отырған психикалық құбылыстың бар екенін дәлелдеуге және оны бағалауға мүмкіндік береді. Сөйтіп, әр түрлі бағытта оқитын студенттердің мотивациялық өрісіне қандай мотив көрсеткіші тән деген сұрақ туындайды. Студент тұлғасының мотивациялық өрісін сипаттайтын көрсеткіш мотивтерді анықтау үшін эксперттік бағалау әдісі қолданылды.
Зерттеу барысында бірінші курс студенттерінің мотивация құрылымы мен төртінші курс студенттерінің мотивация құрылымында өзгешеліктер болатыны анықталды. Зерттеу студенттерде кәсіби мотивтердің басым болуы олардың болашақ мамандықтарында табысты болу, алған білім, іскерлік, дағдыларын толыққанды қолдануға ұмтылу, болашақ кәсібінде өзінің мүмкіндіктерін жүзеге асыруға деген ниеттерімен байланысты екенін көрсетті.