Мақалада қазақстандықтардың әлеуметтік өмір салтына дендеп еніп келе жатқан менторлық қызметтің психологиялық астары қарастырылды. Мәселені зерттеу бірнеше міндеттерді қамтыды: менторлық қызмет сипаты талданып, оның қалыптасу үрдісіне шолу жасалды; менторлықтың негізгі мұраты – қолдау-сүйемелдеу міндеттерінің психологиялық мазмұны анықталды; менторлық құралдарды психологиялық қызметте қолдану мүмкіндіктері мен ерекшеліктері қарастырылды.
Тұлға табыстылығын қамтамасыз ететін маңызды шарт оның құндылықтары және пайымдарының жүйесі болса, оларды теңестірудің мамандандырылған жолы менторлық қызмет болып табылады. Қазақстандықтардың рухани жаңғыру бағдарламасы аясында, жаңа сапаға көтерілуіне ықпал ететін заманауи ағым бола отырып, менторлық қызмет танымдық үрдісті трансформациялауға бағытталады. Оның кәсіби құралдары тұлғаның ой өрісі мен сана-сезімі ауқымының кеңеюінің, болмысты барынша шынайы әрі нақты қабылдауының алғышарттары. Адам табиғатындағы ресурстарға сүйене отырып, оларды жарқырата ашу, сондай-ақ оған тән қабілеттер мен іс-әрекеттерді қарқындандыру үшін, тұлғаның құндылықтары мен пайымдарының жүйесін өзара сәйкестендіру нәтижелілігі жоғары. Сондықтан да менторлық қызмет құралдарын психологиялық тәжірибеде қолдану тұлға дүниетанымын кеңейтіп, оның даму қарқынын жылдамдататыны туралы болжамды тексеру өзектілігі басым.
Қазақстан Республикасында тұлғаны кәсіби сүйемелдеу – жаңа сала. Оның объективті себептері, менторлық қызметтің психологиялық аспектілерінің жете зерттелмеуінде және оның академиялық білім мазмұнына ендірілмеуінде. Осыған байланысты менторлық үрдіс елімізде ресми танылмай отыр, сондай-ақ міндетті коммерциализациялау да оның кең қанат жаюына кедергі келтіруде. Осы жағдайлар Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған заманауи парадигмалардың шеңберінде, менторлық құралдарды психологиялық тәжірибеге интеграциялаудың қажеттілігін көрсетеді. Сондықтан, осы мақалада адамдардың өзін-өзі танып, мақсат-мұраттарын нақты ажырата білетін, ұмтылыстарын шыңдайтын, жетістіктерге үлкен жауапкершілікпен, саналы түрде жетелейтін менторлық құралдардың тиімділерін іріктеп, психологиялық тәжірибеде қолдану мәселелері зерттелді.