Жоғары білім беру жүйесінің қарқынды цифрлық трансформациясы жағдайында студенттердің кәсіби қызметке психологиялық дайындығы мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Білім беру ортасының өзгеруі, цифрлық технологиялардың енгізілуі және кәсіби даярлау талаптарының трансформациясы студенттерде болашақ кәсіби қызметке тұрақты психологиялық дайындықты қалыптастыру қажеттілігін туындатады.
Зерттеудің мақсаты – жоғары оқу орындары студенттерінің цифрлық трансформация жағдайындағы кәсіби қызметке психологиялық дайындығын теориялық негіздеу және эмпирикалық зерттеу, сондай-ақ оған әсер ететін факторларды анықтау.
Зерттеудің әдіснамалық негізін жүйелік, іс-әрекеттік және құзыреттілік тәсілдер құрады. Зерттеуге педагогика және психология мамандықтарының 90 студенті қатысты. Анкеталау, психодиагностикалық әдістер және статистикалық талдау (корреляциялық және салыстырмалы талдау) қолданылды. Нәтижелер бойынша студенттердің 28%-ы жоғары, 49%-ы орта, 23%-ы төмен деңгейдегі психологиялық дайындықты көрсетті. Цифрлық сауаттылық пен психологиялық дайындық арасында статистикалық маңызды оң байланыс анықталды (r = 0,62; p < 0,01). Сондай-ақ цифрлық құзыреттілік деңгейі әртүрлі топтар арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар екені анықталды.
Алынған нәтижелер цифрлық трансформация жағдайында жоғары білім беру жүйесінде цифрлық және психологиялық компоненттерді біріктіру қажеттілігін растайды және білім беру бағдарламаларын әзірлеуде, студенттерге психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуде қолданылуы мүмкін.

