Мақалада жоғары оқу орны жағдайында студент-психологтардың кәсіби даярлығы барысында стреске төзімділікті дамыту мәселесі эксперименттік тұрғыда зерттеледі. Зерттеуге 18–22 жас аралығындағы 60 студент-психологтар (n=60) қатысты.
Зерттеу үш кезеңде жүргізілді: анықтаушы, қалыптастырушы және бақылаушы. Анықтаушы кезеңде студенттердің бастапқы стреске төзімділік деңгейі, өзін-өзі реттеу ерекшеліктері және копинг-стратегиялары диагностикаланды. Қалыптастырушы кезеңде 8 апта бойы тренингтік сабақтар мен арт-терапиялық әдістерден тұратын бағдарлама жүзеге асырылды. Бақылаушы кезеңде қайта диагностика жүргізілді.
Психодиагностикалық құралдар ретінде С.Н. Козлов пен Д.Я. Райгородскийдің «Стреске төзімділік» тесті, В.И. Моросанованың «Өзін-өзі реттеу стилі» сауалнамасы және С.К. Нартова-Бочавердің копинг-стратегиялар әдістемесі қолданылды. Мәліметтер SPSS 23.0 бағдарламасында өңделіп, айырмашылықтардың мәнділігі Стьюденттің t-критерийі арқылы тексерілді. Нәтижелер қалыптастырушы бағдарламадан кейін стреске төзімділік көрсеткіштерінің статистикалық тұрғыда мәнді артқанын көрсетті (t=2.41; p<0.05). Жоғары деңгейдегі стреске төзімділік үлесі 19%-дан 36%-ға дейін өсті, ал төмен деңгей 28%-дан 15%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар конструктивті копинг-стратегияларды қолдану көрсеткіші де мәнді артты (p<0.05).
Зерттеу нәтижелері арнайы ұйымдастырылған психологиялық-педагогикалық жағдайлар мен тренингтік технологиялардың студент-психологтардың кәсіби даярлығында стреске төзімділікті тиімді дамытуға ықпал ететінін дәлелдейді.

