Мақалада магистранттардың кәсіби өзін-өзі дамытуын қалыптастырудағы микробіліктіліктердің психологиялық рөлі қарастырылады. Өзін-өзі анықтау теориясы, іс-әрекеттік және магистрантқа бағытталған тәсілдер негізінде микробіліктіліктердің студенттердің ішкі уәждемесіне, кәсіби өзіндік тиімділігіне және кәсіби сәйкестілігіне әсер етуінің психологиялық механизмдері талданады. Магистранттардың кәсіби өзін-өзі дамытуының психологиялық құрылымы сипатталады, оған құндылық-мағыналық, когнитивтік, эмоционалдық-бағалау және мінез-құлықтық компоненттер кіреді. Магистратурада микробіліктіліктерді тиімді пайдаланудың психологиялық шарттары негізделеді.
Өзін-өзі дамыту тұлғаның ішкі әлемін өзгертудің аса күрделі түрі ретінде қарастырылады. Бұл адамның өзін тануын, өз болмысының мәнін түсінуін, жеке және танымдық қасиеттерін айқындап, оларды өмір бойы жетілдіруін білдіреді. Өзін-өзі дамыту кәсіби өзін-өзі дамытудың қозғаушы күші болып табылады. Кәсіби өзін-өзі дамыту арқылы кәсіби білікті маман, шығармашыл тұлға, қоғамның белсенді мүшесі ретінде мәдени-тарихи дамуына үлес қосатын адам қалыптасады.
Қазіргі таңда кәсіби өзін-өзі дамыту мәселесі мазмұны жағынан әртүрлі деңгейлерде қарастырылады. Бұл мәселе терең тарихи тамырға ие болып, адамның қоғаммен өзара әрекеттесу тарихында ерекше орын алады. Кәсіби өзін-өзі дамыту тұлғаның жеке адам, қоғамның құнды мүшесі, өз өмірінің авторы әрі белсенді жасаушысы ретінде қалыптасуын сипаттайтын фактор болып табылады.

