Аңдатпа
Бұл мақалада жасөспірімдердің агрессивті мінез-құлқын коррекциялау жұмыстары баяндалған. Бүгінгі таңда агрессия, жасөспірімдердің агрессивті мінез-құлық мәселесi туралы психологиялық зерттеулерге үлкен орын берiлiп, белсендi ғылыми-практикалық тұрғыдан iзденiстер талап етілуде. Жасөспірімдер әлемiнде жиі жағдайда қарым-қатынастағы шиеленістер, мазасыздану, тұлғалық даму мен мiнез-құлықтағы ауытқулар, агрессия мiндеттi түрде кездесетiнi баршамызға мәлім. Осыған байланысты психологиялық-педагогикалық мiндеттердiң бiрi – жасөспірімдердiң психикалық дамуындағы өзгерiстердiң себептерiн тауып қана қоймай,оны түзету мен алдын-алу жұмыстарын практикалық тұрғыдан педагог-психологтың кәсіби тұрғыдан жүзеге асыруы өте маңызды. Сондықтан да жасөспірімдерді агрессивтіліктің деңгейін анықтап қана қоймай, сонымен бірге агрессивті мінез-құлықтың алдын алу және түзету жұмыстарын жүйелі түрде жүргізген жөн. Жасөспірімдердің агрессивтілігінің алдын алу – бұл олардың мінез-құлқындағы агрессияны туындататын негізгі себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған мемлекеттік, қоғамдық, әлеуметтік-дәрігерлік және ұйымдастырушылық-тәрбиелік іс-шаралардың кешенді түрде әсер ету үдерісі болып табылады.