Мақалада психологиялық қызметтің маңызды құрамдастарының бірі – психологиялық диагностикалау үрдісін дәстүрлі формадан сандық форматқа ауыстыру тәжірибелері сипатталады. Білім беру ұйымдарында педагог-психологтардың жұмыс-жүктемесін азайту және басы артық «қағазбастылықтан» арылуды көздей отырып, жалпы үрдісті оңтайландыруды мақсат етеді. Сыналушылардың уақыттарын тиімді пайдалану; зерттеу нәтижелерін өңдеу және қателер жіберу қатерін жою үшін, онлайн-психодиагностика жүйесін ендіру міндеттері қарастырылады.
Зерттеу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің «2023-2025 жылдарға арналған ғылыми, ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыруы» аясында, AP19677493 жобасын қаржылық қолдауы негізінде орындалды. Гранттық жоба тақырыбы «Білім беру мекемелерінде балаларды психологиялық-педагогикалық диагностикалау үшін «I-psychodiagnostics.kz» Smart (платформа) қамтамасыз етуді әзірлеу» деп аталады. Ұсынылған ғылыми мақалада қолданбалы зерттеудің алғашқы кезеңінің нәтижелері берілді: сарапшы-психологтармен жүргізілген сұхбаттасу үрдісі, Smart-платформаның маңызы және мазмұны, т.б. Зерттеу толық жүзеге асырылғанда күтілетін нәтиже – заманауи қолданысқа қолайлы психодиагностикалық құралдар кешені жасалады және білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің өзекті психологиялық мәселелеріне байланысты бағдарламалық қамтамасыз ету әзірленеді.
Мақалада Қазақстан Республикасы аймақтарында, мәселен Алматы, Қарағанды облыстарының білім беру ұйымдарында қолданылып жүрген сандық платформалардың тиімділіктеріне талдау жасала отырып, оған балама нұсқаны Жамбыл облысында жасау және тарату мүмкіндіктері қарастырылады. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде, мектеп оқушыларының оқу үлгерімдерін жақсарту үшін, психикалық процесстердің даму деңгейлерін диагностикалауға басымдық беріле отырып, I-psychodiagnostics.kz платформасын іске қосудың мазмұндық аспектілері сипатталады