Қазіргі қоғамда болып жатқан саяси және экономикалық өзгерістер халықтың әртүрлі санаттарындағы психоэмоционалды шиеленіс деңгейінің артуына ықпал етеді. Мазасыздық, өз өміріне қанағаттанбау, ертеңгі күнге деген сенімсіздік, ашуланшақтық, депрессиялық көңіл-күй, болашағы үшін қорқыныш сияқты денсаулыққа қолайсыз психикалық жағдайлар көптеп орын алуда. Осыған байланысты ғылымға жүктейтін қазіргі қоғамның сұранысы тұлғаның және жалпы қоғамдағы адамдардың психологиялық денсаулық мәселесі болып табылады.
Жоғары оқу орнының студенттері еліміздің еңбек және интеллектуалды әлеуетінің маңызды резерві болып табылады және олардың денсаулығын сақтау-мемлекеттің негізгі стратегиялық міндетіне жатады. Студент жастардың денсаулығын нығайту арқылы біз-адамның өзінің тәндік және психологиялық саулығына белсенді қамқорлығы мен жауапкершілігін арттыра аламыз. Жоғары оқу орындарында оқу кезінде көптеген студенттердің денсаулық жағдайы айтарлықтай төмендейді, оған оқу жүктемесінің көптігі, тұрмыстық жүктемелер, қозғалыс режимінің жеткіліксіздігі,яғни, ең алдымен, өз күштерін ұтымды пайдалана алмау, жағымсыз эмоциялардан арыла алмау, стресстік жағдайлар өз әсерін тигізеді. Сондықтан қазіргі кезеңде болашақ педагогикалық мамандықты меңгеру кезеңіндегі студенттің жеке басын зерттеу және психологиялық денсаулығын дамыту қажеттілігі туындап отыр. Мақалада психологиялық денсаулық мәселесінің ғылыми және психо-педагогикалық мәселе ретінде зерттеудің әртүрлі ғылыми тәсілдері мен бағыттарына талдау жасалды. Салыстырмалы тарихи әдіс негізінде мақалада ғасырлар бойы жүргізілген әртүрлі елдердің ғалымдарының зерттеулері келтіріліп, осы мәселені зерттеудің тарихи сипаттамасы, ғылыми категория ретінде «психологиялық денсаулық» ұғымы анықталып, тұжырымдама берілді.Психологиялық денсаулықтың мәнін білу тек жоғары оқу орнының білім беру ортасы үшін ғана емес, болашақ педагогтар мен білім беру ұйымдарының мамандары бұл білімді өздеріне, оқушыларға және олардың ата-аналарына қатысты екенін ескеруі керек. Мақаланың мақсаты-психологиялық денсаулық ұғымының мазмұнын түсіндіру болып табылады.