Соңғы уақытта ғылымда «когнитивті-әрекеттік стиль» ұғымы пайда болды. Бұл ұғым «когнитивті стиль» түсінігіне қарағанда тұлғаның жеке сипаттамасын тереңірек қарастырады, яғни қабылдау, ойлау, қарым-қатынастың когнитивті тәсілдерін анықтайды. Егер стильдің түрлі психологиялық құбылыстарда байқалатынын есепке алсақ, онда когнитивті-әрекеттік стильді қызмет көрсету нәтижесі әдеттегі әрекеттер болып табылатын когнитивтік талдаудың әдіс-тәсілдерінің жүйесі ретінде қарастыруға болады.
Бұл мақалада американдық ғалым, Алабама университетінің профессоры Ребекка Л. Оксфордтың «Когнитивті-әрекеттік стильді зерттеу» (кей деректерде «Оқыту стиліне аналитикалық шолу») әдістемесінің қазақ тіліне бейімделген нұсқасы қарастырылған. Зерттеудің мақсаты – ағылшын және орыс тілінде қолданылатын психодиагностикалық әдістеменің қазақша нұсқасын қалыптастыру, қазақ тіліндегі психодиагностика қорының ұлғаюына үлес қосу. Л. Ребекканың когнитивті-әрекеттік стильді анықтау әдістемесі қазақ тіліне аударылып, сенімділік деңгейі (Альфа Кронбах коэффициенті бойынша) SPSS бағдарламасымен дәлелденген психодиагностикалық әдістеме арқылы қазақ тіліндегі психологиялық құралдар қатары толықтырылды. Аталған психодиагностикалық әдістемені қазақ тілді ғалымдар, психологтар, педагог-психологтар когнитивті-әрекеттік стильді зерттеу барысында қолдана алады.